Зерттеу. Paperlab Internship | 2026

Жұмыс орнындағы сексуалдық харассмент: жаңа заң жобасын бағалау және құқық қолданудағы кедергілер

МӘДИНА ҚАНАТҚЫЗЫ


Жұмыс орнындағы сексуалдық харассмент – адам құқықтарын жүйелі түрде бұзу және гендерлік кемсітушіліктің бір түрі. Бұл мәселе Қазақстанда құқықтық тұрғыдан тиімді реттелмей отыр. Арнайы қорғау тетіктерінің болмауы құқық қорғау жүйесі тарапынан жәбірленушінің қайталама виктимизацияға (құрбан болуына) ұшырауына әкеледі, ал агрессор өзінің лауазымын пайдаланып, жазасыз қалуда.

Институционалдық олқылықтың бастапқы символы ретінде 2011 жылғы гардеробшы Анна Белоусованың резонансты ісі болды. Мектеп директорымен интимдік қатынасқа түсуден бас тартқаны үшін ол жұмыстан шығарылды, ал ұлттық соттар оны қорғамағаны былай тұрсын, агрессорға «жала жапқаны» үшін өтемақы төлеуге міндеттейді. Барлық құқықтық қорғау құралдарын сарп еткеннен кейін жәбірленуші халықаралық инстанцияларға жүгінді. Тек 2015 жылы БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою жөніндегі комитеті (CEDAW) кемсітушілік фактісін мойындап, Қазақстанда әйелдерді жұмыс орнындағы харассменттен қорғайтын заңдардың жоқтығын тікелей көрсетті және мемлекетті жәбірленушіге өтемақы төлеуге міндеттегенімен, Қазақстан бұл талапты «құқықтық тетікте қарастырылмаған» деп орындамайды . Бұл прецедент мемлекеттің иерархиялық зорлық-зомбылықты кәдімгі еңбек дауларымен бүркемелеп, іс жүзінде заңдастыратын құқықтық вакуумді айқын көрсетті.

Белоусова ісі басталғаннан бері 15 жыл өткен соң жағдай қандай деген сұраққа жауап бере отырып, мынаны тұжырымдауға болады: харассментті жүйелі түрде елемеу жұмыскерлер үшін тікелей физикалық қауіпке ұласты. Соңғы жылдары жұмыс орнындағы зорлық-зомбылыққа қатысты бірнеше резонансты істердің (ауруханалардағы, құрылыс нысандарындағы және мемлекеттік мекемелердегі оқиғалар) қоғамда әшкереленуі мәселенің көрініп тұрған бөлігі ғана. Бұл прецеденттер превентивті шаралардың болмауы жұмыс орнын қауіпті аймаққа айналдыратынын дәлелдесе де, стигматизациядан қорқу салдарынан жағдайлардың басым көпшілігі әлі де жасырын күйде қалып отыр.

Мемлекеттің еңбек заңнамасына «сексуалдық харассмент» терминін енгізу жөніндегі ағымдағы бастамалары декларативті болып қалу қаупі бар. Бүгінгі таңда харассментті «ұсақ бұзақылық» (ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы) ретінде саралау тәжірибесі мәселені еңбек құқығы өрісінен толықтай шығарып, бизнесті әрекетсіздігі үшін жауапкершіліктен босатады . Осыған байланысты, бұл сараптама әзірленіп жатқан заң жобасын сыни тұрғыдан бағалауға, құқық қолданудағы кедергілерді анықтауға және еңбек саласында адам қадір-қасиетін қорғаудың нақты жұмыс істейтін тетігін құру мақсатында заң шығарушыға ұсынымдар әзірлеуге бағытталған.

Зерттеу сапалық әдіснамаға негізделген және ҚР Конституциясына, Еңбек кодексіне, ӘҚБтК-не, ХЕҰ-ның №190 Конвенциясына және «сексуалдық харассмент» ұғымын енгізетін жаңа заң жобасына құқықтық талдау жасауды қамтиды. Сондай-ақ осы тақырыптағы релевантты заң әдебиеттеріне контент-талдау жүргізілді. Эмпирикалық база ұлттық және халықаралық еңбек құқығы сарапшыларымен (оның ішінде гендерлік құқық мамандарымен), тәжірибеші заңгерлермен және кәсіподақ өкілдерімен жүргізілген тереңдетілген сұхбаттармен бекітілген.

Аналитикалық баяндама 2025 жылдың қарашасынан 2026 жылдың ақпанына дейін Paperlab зерттеу орталығының тағылымдама бағдарламасы аясында әзірленді. Жоба Open Society Foundations қолдауымен жүзеге асырылды.
Читайте также
РАССЫЛКА