Дискуссионная площадка | 02.06.2022

Қазақстанға қандай тіл саясаты керек?

Елімізде мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты дау көп. Бұған әлеуметтік желілерде мәселенің саясилануы дәлел бола алады. Осыған ұқсас жағдайлар аталған тақырып төңірегінде өрши түскен әлеуметтік шиеленіс барын айқын аңғартады.

Тіл саясатына келгенде қоғам пікірі екіге жарылып, тараптар арасында тоқтаусыз пікірталас жүріп жатқаны баршаға мәлім. Сондай пікірталастың бірі ағымдағы аптада Елордада PaperLab зерттеу орталығы ұйымдастырған тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен өтті.
Пікірталас алаңында бірінші болып сөз алған әлеуметтанушы Серік Бейсембаев, тіл саясатын тікелей мемлекеттің атқарып жатқан қызметі аясында талқылауды ұсынды. «Осы уақытқа дейін тіл саясатына байланысты арнайы бағдарламалар жүзеге асырылды. Түрлі заңнамалық өзгерістер енгізілді. Бюджеттен қыруар қаржы бөлініп, арнайы жобалар жүзеге асырылды. Осы атқарылған іс-әрекет бүгінгі күні қандай нәтиже беріп отыр және тиімді нәтиже көрсетуі үшін мемлекет не істеуі керек, халық не істеуі керек?» - деп сауалдады пікірталас модераторы.
«Мемлекеттік тілде жұмыс істеу құқыңыз қорғалмаған...»

А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері Қуатбек Дүйсеновтің пікірінше, дәл қазір біздің қоғам тіл мәселесін құқықтық тұрғыдан, мемлекеттік тілде ақпарат алу құқығы аясынан қарастырғаны дұрыс.

«2000 жылдардың басында біздегі тіл саясаты «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» дегеннің төңірегінде құрылды. Келесі онжылдықта шенеуніктер «қазақша әдебиет пен контент көбейсін» деген пікірде болды. Қазір қазақша аудиторияның үлесі көп. Соған сай баспа өнімдері, контент, аудио-визуалды өнім жетерлік. Тіл мәселесін құқықтық тұрғыдан, мемлекеттік тілде ақпарат алу құқығы аясынан қарастырғанымыз жөн», - дейді ол.

Сарапшының айтуынша, бүгінде отандық Интернет кеңістігінде қазақ тілінің дұрыс қолданылуын талап ететін Qazaqsha jaz, Тіл сақшылары, Qazaq Grammar сынды жастар құрған қозғалыстар бар. Тілдің қолданыс аясы төңірегінде жүргізілген зерттеу нәтижелері көрсеткендей, дейді ол, мемлекеттік тілдің құқын нақтылауға жанама түрде болса да жер мәселесі септік еткен.

«Зерттеу барысында біз шамамен 20 кодекс пен 22 заңды қарастырып, аталған құжаттарда «қазақ тілі және мемлекеттік тіл» деген тіркестің кездесуін статистикалық тұрғыдан талдадық. Байқасақ, мемлекеттік тілдің құқы көрсетілген заң – 2016 жылы қабылданған «Жер қатынастары» туралы заң. Бұл заңда қазақ тілінің қорғалуына жанама түрде 2016 жылы өткен жер митингілері себеп болған. Себебі мұнда жоғарыда көрсетілген тіркес 44 рет қайталанады. Осы жағынан келгенде «Еңбек» кодексінде «қазақ тілі, мемлекеттік тіл» деген тіркес мүлдем жоқ. Яғни, сіз балабақшаға, мектепке, артынан университетке барасыз, ал оқуды аяқтап, еңбек нарығына келгенде сіздің қазақ тілін білу дағдыңыз бен қазақша түйіндемеңіз жарамауй қалуы мүмкін. Себебі мемлекет тарапынан сіздің мемлекеттік тілде жұмыс істеу құқыңыз қорғалмаған. Мәселен, кейбір IT компаниялар белгілі бір лауазымдарға хабарландыру жариялайды. Ал хабарландыру ағылшын немесе орыс тілінде беріледі. Осылайша, бір ғана хабарландыру еңбек нарығындағы 70% қазақтілді азаматтардың құқын шектейді. Сол үшін қазір мемлекеттік тілдің құқықтық тұрғыдан қорғалуы өте маңызды мәселе», - дейді Қуатбек Дүйсенов.
Конституцияға өзгертулер де алдымен орысша жазылды...

Өз кезегінде, Steppe&World баспасының бас редакторы Назгүл Қожабек, «Тәуелсіздік алған жылдарға дейін қазақ тілінің жағдайы», бүгінгімен салыстырғанда «әлдеқайда жақсы болған» деген пікірде.

«Біз қазір қазақ сөздерімен орысша жазамыз. Осы екі мәселе тоғысып келгенде, оның себебі бір нәрсеге келіп тіреледі. Қандай да бір ведомство тарапынан шығатын месседждің бәрі бізде алдымен орысша жазылып, кейіннен қазақшаға аударылады», - дейді ол.

Сарапшының айтуынша, қазір бізде орыс тілін аса біле қоймайтын мамандар қазақшаға аударма жасап жүр, соның салдарында «қазақ тілінің сапасы түсіп бара жатыр».

«Тіл саясатына келгенде мемлекеттің істейтін ісі – ведомстволардан шығатын хабарламаны алдымен қазақша жаздыру. Осы мәселе қолға алынбай, қазақ тілінің сапасы мен қолданылу аясы туралы ештеңе айта алмаймыз. Бізде тек бір ғана заң актісі, яғни «Көші-қон» туралы заң ғана тұтастай қазақ тілінде жазылған. Қалғаны орысша жазылып, қазақшаға аударылған. Мұны билік те, қоғам да мойындайды. Конституцияның өзі орысша жазылып, қазақшаға аударылған. Тіпті, қазір Конституцияға енгізілетін өзгертулер мен толықтырулар да алдымен орысша нұсқада жасалып, қазақшаға аударылған. Мемлекеттің тіл саясатындағы қауқары қалай десеңіз, осыдан-ақ белгілі.

Мысалы, сот процесі кезінде шағымданушы мен жауап берушінің өзі бір-бірін түсінбейтін жағдайлар кездеседі. Айта кетерлігі, ведомстволар Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілінде ақпарат тарату үшін адамдарға ақша төлеп отыр. Мемлекеттік тілде жазылып, таратылуға тиіс ақпаратты ақша төлеп аудартып, таратады. Ішкі қолданысқа келсек, баспа ісіндегілерге, аудармашыларға қоятын талап пен стандарт жоқ. Тіл саласындағы ғалымдардың еңбектері көпшілікке жетпейді. Жалпы, осы тіл саласын қадағалайтын қандай да бір нормативтер жоқ», - дейді Назгүл Қожабек.
Жұмыс жүргізу тетігі дұрыс емес...

Әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтың айтуынша, 2020–2025 жылға арналған мемлекеттік тіл саясаты бағдарламасы бойынша, қазір құжаттардың 93%-ы қазақша жүреді-міс, бірақ мәселе санда емес сапада екені айдан анық.

Социолингвист Анна Климченко өз сөзінде, еліміздің мемлекеттік органдары қазақ тілінде сөйлеу көрсеткішін пайызбен бергенімен, қай өңір қалай сөйлейтінін цифрмен нақты көрсете алмайды деп отыр.

«Отызыншы жылдардағы аштық, репрессия, миграциялық ағын, орыс тілділердің елге келуі Қазақстанда орыс тілінің кең етек жаюына әкелді. ҚазКСР-і кезінде өзге ұлттармен қарым-қатынас орыс тілінде жүрді де, қазақ тілі шет қалды. Біздегі тіл саясаты қазір мемлекеттік бағдарламалар негізінде жүзеге асады. Оны ҚР білім және ғылым министрлігі дайындайды. Қазіргі 2020–2025 жылға арналған мемлекеттік бағдарлама негізгі төрт бағыттан тұрады: қазақ тілін білу, оның кеңінен қолданылуы, тіл мәдениеті және қазақстандықтардың лингвистикалық капиталын дамыту.

Әрине, бұл тұрғыда өзіндік бектілген іс-шаралар баршылық. Аталған бағыттар бойынша талдасақ, мысалы, мемлекеттік бағдарламада көрсетілгендей, 2019 жылы қазақ тілінде сөйлейтін халықтың үлесі 90%-ға жетуі керек-ті. Осыдан-ақ мемлекеттік бағдарламаның шикі екенін байқауға болады. Мұнда ұйымдастыру, іс-шаралар өткізу, жұмыс жүргізу тетігі дұрыс құрылмаған. Мемлекеттік органдар қазақ тілінде сөйлеу көрсеткішін пайызбен атағанымен, нақты цифрды, яғни қай өңірдің қалай сөйлейтінін айта алмайды», - дейді Анна Климченко
Визуалды сипат та өте маңызды...

Ал «Қазақ тілі» халықаралық қауымдастығының мүшесі, аудармашы Мақсат Рамазан болса, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуде ғаламтордағы қарапайым тегтің өзі елеулі рөл ойнайды деп отыр.

«Facebook пен Telegram-да жұртты тегтегенде септік жалғауы жалғануы керек. Мәселен, пәленшенің айтуынша десеңіз, «-нің» жалғауы керек. Ал бұл тегке жалғанбайды. Мұны шағын ғана нәрсе деп ойласаңыз қателесесіз. Осы дүниенің өзі қоғамның қазақ тіліне деген визуалды қарым-қатынасын бұзады. Өйткені адам визуал түрде бір нәрсенің жүйелі әрі әдемі болғанын қалайды. Сондықтан қарапайым тегтің өзі рөл ойнайды. Ал бұл мәселе қалай шешіледі? Мысалы, UNICODE деген ұйым бар. UNICODE бүкіл әлемдегі таңбалардың жиынтығын сақтап отыр. Олармен – жеке тұлға емес, үкімет байланысқа шықса нәтиже болады. Белгілі бір жалғау мен шылаулардың тізімін жасап, дұрыс қойылу ережесін беру керек. Ережені Тіл білімі институты қарап, Тіл комитеті бекітіп, аталған ұйымға жібере алады. Сондай-ақ, сан есімдерге қатысты «-шы», «-ші» жалғауы да дұрыс көрсетілмейді», - дейді ол.

Айта кетейік, бүгінде Халықаралық қазақ тілі қоғамы мен Qazaqsha jaz қозғалысы бірігіп, көрнекі ақпараттың қазақша дұрыс жазылуын қадағалауға алған. Олар әдетте дәмхана мәзірі, кеңселердің, бизнес субъектілері ғимараттарының маңдайшасындағы жазулар мен әртүрлі хабарландыру, аңдатпалардың қазақша қатесіз жазылуын талап етуде. Мақсат Рамазанның айтуынша, бұл тұрғыда олар арнайы жұмыс тобын құрып, мекемелерге сауатты аударма жасауға көмектесуге де көңіл бөлуде.

Қоғам ішіндегі сарапшы қауым ойын ортаға салған пікірталас барысында Egov порталындағы қателер мен орта мектепке арналған оқулықтардағы олқылықтарды арнайы тізіп, алып келген көрермен, тыңдарман қауым да болды. Өкініштісі сол, бұл пікірталасқа Тіл комитетінен жауапты тұлға келген жоқ.

Қоғам ішінде туындаған түйткіл сұрақтар әдеттегідей жауапсыз қалды.



Источник
Читайте также
РАССЫЛКА