Қазақстан қоғамының саяси және идеологиялық ұстанымы әлі «қара жәшік» күйінде қалып отыр. Бұл көбіне азаматтардың пікір айту құқығы, қоғамдық белсенділік таныту мүмкіндігі қатты шектелген Қазақстанда қалыптасқан саяси режимге байланысты. Елде ресми тіркелген саяси партиялар сайлаушылар мүддесінен алшақ, ал партиялар арасындағы бәсеке тек көзбояу сипатында жүреді. Осыған байланысты саясатта түрлі әлеуметтік топтың мүддесі қорғалмайды. Сайлау жабық өтеді, өрескел бұрмалаушылық болады, ал нәтиже азаматтардың шынайы пікірін көрсетпейді. Мұндай жағдайда Қазақстан қоғамының саяси және идеологиялық ұстанымы нақты қандай екенін тек болжап білуге мәжбүрміз.
Осы тақырыптың аз зерттелуі, жүйелі зерттеудің жетіспеушілігі ахуалды күрделендіріп отыр. Ашық дереккөздерде ел азаматтарының саяси көзқарасын талдаған зерттеу табу мүмкін емес. Осының әсерінен қазақстандықтардың саяси өмірде не қалайтыны және неге ұмтылатыны жайлы көптеген миф пен стереотип бар. Мысалы, бұқаралық ақпарат құралдарында «азаматтар демократия мен адам құқығы мәселесіне немқұрайды қарайды, тұрақтылық пен экономикалық дамуды бәрінен маңызды көреді» деп жиі айтады. Мұндай қарабайыр әрі біржақты пікір қоғамдағы көңіл-күйдің нақты көрінісін бұрмалап қана қоймай, елде жүйелі саяси реформалар болмауына желеу ретінде қолданылады.
Біздің зерттеу осы мәселенің беймәлім қырларын ашуға, қоғамның саяси портреті туралы қалыптасқан түсініктердің рас-өтірігін анықтауға тырысады. Сандық және сапалық мәліметтерге сүйене отырып, біз алты құндылық сегментін анықтадық. Бұл сегменттер – Қазақстанда ашық саяси жүйе орнаған болса, анық аңғарылуы мүмкін электораттың жиынтық бейнесі. Бұл сегменттердің сипаттамасы қазақстандықтардың саяси ұстанымы біз ойлағаннан әлдеқайда алуан әрі күрделі екенін көрсетті. Азаматтар демократия құндылығы, адам құқығы, экономикалық бостандық, этникалық национализм және авторитаризм сияқты түрлі идея мен даму модельдеріне қолдау білдірді.
Зерттеу нәтижелері қоғамда қызу талқы тудырып, қазақстандықтардың саяси көзқарасын одан әрі зерттеуге түрткі болады деп үміттенеміз.