Шешім қабылдарда «халық пікіріне» емес, барлық тараптың мүддесін ескеретін мәміле жасауға басымдық берілетін сыртқы саясат элиталар еншісіндегі шаруа деген пікір бар. Зерттеулер нәтижесіне қарағанда, азаматтар сыртқы саясат жөнінде көбіне партия мен медиадағы элиталардың сигналдарын арқау етіп пікір қалыптастырады. Өйткені сыртқы саясаттағы мәселелер күрделі әрі бұқаралық тәжірибеде аңғарыла бермейді: адамдар халықаралық саясатта қабылданған шешімдер өзінің күнделікті өміріне әсер етпейді деп есептейді.
Азаматтарда саяси процестерге араласуға айқын сұраныс бар Қазақстанда сыртқы саясат «қарапайым адамдарға» таңсық сала күйінде қалып отыр. Осы тұста үкімет бұл сұранысқа жауап бере отырып, 2030 жылға дейінгі Сыртқы саясат тұжырымдамасының преамбуласына «еститін мемлекет» тұжырымдамасына және әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіру міндетіне сілтеме жасай отырып, «қазіргі халықаралық қатынастар жүйесіне үйлесе кіріккен қуатты, тату және әлеуметтік жауапты мемлекет құру» үшін «сыртқы периметрде мемлекеттің, бизнестің және әрбір азаматтың мүддесін ілгерілету мен қорғауға баса назар аударуды күшейту» ниетін қосты.
Осылайша, концептуал деңгейде Қазақстан билігі сыртқы саясатты әлеуметке бағдарлап жүргізуі керек екенін және ел азаматтарының мүддесіне басымдық беруге тиіс екенін мойындайды. Дегенмен бұл салада шешім қабылдарда қоғамның ықпалы төмен күйінде қалып отыр, ал саясатқа араласуға тарту тетіктері негізінен декларатив әрі жүйесіз сипатта.
Азаматтар сыртқы саясаттағы күн тәртібінің маңызды екенін сезіне бастады. Украинадағы соғыс, санкциялардан кейінгі дағдарыстар мен жаһандағы беймәлім күй қоғамды әлемде болып жатқан оқиғаларға жаңаша қарауға итермеледі. Дипломатиялық одақтар мен геосаяси айла-шарғы дүкен сөресіндегі бағаға, шекара қауіпсіздігіне және елдің экономикалық болашағына тікелей әсер ететіні айқын болды.
Осы тұста сыртқы саясат мәселелерін талқылауға қоғамда сұраныс қалыптасып келеді: біздің дәстүрлі «көпвекторлы саясат» әлі де жұмыс істеп тұр ма? Шын серіктестеріміз кім? Қазақстан мүше одақтар кімнің мүддесіне жұмыс істейді? Тәуелсіздігіміздің шегі қай жерде?
Бұқаралық санадағы дәл осы бетбұрыс зерттеуімізге арқау болды. Бізге қолданыстағы бәсекелес нарративтерді ескере отырып, Қазақстан қоғамы елдің сыртқы саясатын қалай бағалайтынын және елдің сыртқы саясаты азаматтардың нақты сұранысы мен мүддесіне қаншалықты сай келетінін анықтаған маңызды болды. Осы мақсатта біз репрезентатив бұқаралық және эксперттік сауалнамалар жүргізіп, фокус-топ пікірталастарын өткіздік. Бұл алуан түрлі пікірді анықтауға ғана емес, азаматтардың ой түбінде жатқан уәжін, құндылығы мен уайымын анықтауға мүмкіндік берді.
Нәтижеге қарасақ, елдің сыртқы саясаты мемлекеттік саясаттың басқа салалары сияқты қазақстандықтардың назарын көбірек аудара бастаған. Демек бұл тақырып аясында кеңірек қоғамдық диалог қажет.
Зерттеу жүргізуге Канадалық жергілікті бастамалар қоры (CFLI) қолдау көрсетті.