Зерттеу. Paperlab Internships | 2026

Қазақстандағы демографиялық дивиденд терезесі: «Жастар практикасы» бағдарламасының әлеуеті

АСЕМ БАЗАРБЕК

Қазіргі таңда Қазақстан демографиялық тұрғыдан қолайлы кезеңде тұр. Еңбекке қабілетті жастағы халық үлесі жоғары деңгейде, ал әлеуметтік тұрғыдан тәуелді топтардың мемлекет бюджетіне жүктемесі төмендеп келе жатыр. Өткен жылы Қазақстанда әрбір 100 еңбек жасындағы адамға 61,7 тәуелді адамнан келеді . Бұл тарихи төмен көрсеткіш әлеуметтік аударымдардың қысқаруы мен салық түсімдерінің артуы әсерінен еліміздің экономикалық серпіліс жасау әлеуетін көрсетеді. Алайда осы демографиялық мүмкіндік терезесі ұзаққа созылмайды, себебі болжам бойынша алдағы онжылдықтарда халықтың қартаюы күшейеді. Бұл қолайлы кезеңді толық пайдалану үшін жастардың еңбек нарығына тиімді өтуін қамтамасыз ету шешуші мәнге ие.

Осы тұрғыда «Жастар практикасы» бағдарламасы – түлектерге алғашқы еңбек тәжірибесін беретін пайдалы құралдардың бірі. Дегенмен жиналған дәлелдер бұл бағдарламаның жастарды жұмыспен қамту мәселесін толығымен шешпейтінін, қамту үлесінің шектеулі екенін, ал нәтижелер сапасының жұмыс берушінің ниеті секілді кездейсоқ факторларға тәуелді екенін көрсетеді. «Жастар практикасы» жастардың еңбек нарығына алғашқы сапалы өтуін қолдау арқылы демографиялық дивидендті іске асыратын маңызды тетік бола алады. Оның әлеуетін күшейту үшін бағдарламаны уақытша жұмыспен қамту шарасы ретінде емес, сапалы тәжірибе, әділ қолжетімділік және кейін тұрақты жұмысқа өту логикасына сүйенген нысаналы құрал ретінде жетілдіру қажет. Бұл үшін әлеуметтік осал топтарға жататын жастарды қамтуға басымдық беру, тәжірибе сапасын жүйелі бағалау, жұмыс берушілерге нақты ынталандыру тетіктерін енгізу және бағдарламаны жастарды жұмыспен қамтудың кеңірек стратегиясымен ұштастыру ұсынылады.
Читайте также
РАССЫЛКА