Бұл баяндама «Ашық қоғам» қорының қолдауымен PaperLab қоғамдық қорының тобы 2022 жылдың қаңтар-желтоқсан айлар аралығында өткізген зерттеудің нәтижелері бойынша дайындалды.
Біздің зерттеуіміздің негізгі мақсаты – «Белдеу және жол» аясындағы қытайлық инвестициялық жобаларды әртүрлі стейкхолдерлардың қабылдауын зерттеу, сондай-ақ олардың басқарушылық, әлеуметтік және экологиялық өлшемдерде іске асырылуын бағалау.
Қытайдың Қазақстандағы инвестициялық жобаларының қызметін қабылдауды бағалау үшін шағын қалалардағы жобалар таңдалды. Біз күткендей, жергілікті тұрғындары жобаның қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы біледі. Тіпті инвестициялық жобалармен өзара әрекеттесу процестеріне де тартылуы мүмкін. Бұл мысалдар қытай бизнесі туралы стереотиптердің онымен тікелей байланыста қалай «сынғанын» барынша жақсы зерттеуге мүмкіндік береді.
Шетелдердің қатысуымен жүзеге асырылатын көптеген жобаларға тән бірқатар жеке ерекшеліктер бар мұнай-газ секторына әдейі тоқталмай (бұл Қазақстанда осы салада жұмыс істейтін бірқатар шетелдік компаниялардың тәжірибесін зерттеуді талап етеді) біз келесі жағдайларды таңдадық:
- Солтүстік Қазақстан облысы, Амандық ауылдық округі, Ильичевка ауылының жанындағы «Тайынша-май» май өңдеу зауыты (ауыл шаруашылығы);
- Алматы облысы, Сөгетін ауылдық округі, Нұра ауылы жанындағы Боғұты «Жетісу Вольфрамы» вольфрам кендерін өңдеу және байыту бойынша тау-кен байыту комбинаты (тау-кен өнеркәсібі және өңдеу өнеркәсібі);
- «Жасыл» инвестициялар саласындағы Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының флагмандарының бірі ретінде Жаңатас жел электр станциясы Жамбыл облысы, Жаңатас қаласында (энергетика).
2022 жылдың сәуір-маусым айлары аралығында жергілікті қоғамдастықтың инвестициялық жобалармен қарым-қатынасын зерттеу үшін әрбір елді мекенде екі фокус-топтық пікірталас өткізілді – біреуі жастармен (35 жасқа дейінгі) және екіншісі –аға буын өкілдерімен, сондай-ақ тиісті кәсіпорындардың белсенділерімен және жұмысшылармен бірқатар терең сұхбаттар жүргізілді.
Орталық мемлекеттік органдардың өкілдерімен сұхбаттасу барлық деңгейдегі билік органдары мен шетелдік инвестициялық компаниялар арасындағы өзара іс-қимыл құралдары мен тетіктері іс жүзінде қалай жұмыс істейтіні туралы түсінік алуға мүмкіндік берді. Сұхбатқа Сыртқы істер министрлігі, Экология, геология және табиғи ресурстар, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің мемлекеттік қызметкерлері қатысты.
Сонымен қатар, облыстық және жергілікті деңгейде облыстық және аудандық кәсіпкерлік, экология, жұмыспен қамту, табиғи ресурстар басқармаларымен, сондай-ақ жергілікті әкімдермен сұхбаттар мен ақыл-кеңестер өткізілді. Бұдан бөлек, жергілікті жерлерде қытайлық инвестициялық жобалардың өкілдерімен және олардың қызметкерлерімен бірнеше сұхбат жүргізілді. Дегенмен, Қытай компаниялары мен Қытай елшілігінің өкілдері ұсынатын ресми органдардың, әсіресе үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдарға қатысты айтарлықтай жабық екенін атап өткен жөн, бұл Қытай тарапынан жиналған деректердің аздығына әсер етті.
Кабинеттік зерттеу кезеңінде инвестициялық компаниялар мен мемлекеттік институттар арасындағы қарым-қатынасты реттейтін қазақстандық заңнама, сонымен қатар инвестициялар мен сауда аясындағы Қазақстан – Қытай қатынастары, ҚХР-ның экологиялық мақсат-мүддесі мен оның іске асыруы қарастырылды. Ивент-зерттеу мен медиа зерттеуі нәтижесінде шетелдік инвестициялық компаниялар мен нақты инвестжобалардың нарықта жайғастырылуы жайлы қорытындылар шығарылып, оларға деген қазақстандық қоғамның көзқарасының өзгеру динамикасы бақыланды.
2022 жылдың наурыз-маусым айларында өткен, ҚХР зерттеу мамандары, үкіметтік емес секторының өкілдері, экологиялық қоғамдастық қатысқан сарапшылық сұхбаттар зерттеудің сұрақтары мен болжамдарын анықтауға көмектесті. 2022 жылдың желтоқсанында синологтар, саясаттанушылар, экологтар, түрлі мемлекеттік органдарының өкілдерімен бірге өткен сарапшылық талқылау шығарылған қорытындыларды тексеруге және стейкхолдерларға арналған ұсынымдарды нақтылауға мүмкіндік берді.
Зерттеу Қазақстанның барлық деңгейлерінде (оның ішінде сарапшылар арасында да), ҚХР-ның ықпалы жайлы және, атап айтқанда, «Бір белбеу, бір жол» бастамасы аясында жүзеге асырылып жатқан қытайлық инвестициялық жобалар туралы қате түсініктердің бар екендігін көрсетті.
Қоғамдық сауалнамалар қазақстандық қауымның арасында синофобияның көбеюіне нұсқаса, қытайлық жобалармен тікелей қарым-қатынас жергілікті тұрғындардың алаңдауының түпкі себептерін айқындата алады. Жүргізілген зерттеу осы қорқыныштардың басым бөлігінің шетелдік инвесторлардың іс-әрекеттеріне тікелей қатысы жоқ екендігін көрсетеді. Кейде қытайлық инвестициялық жобалар туралы қате түсініктердің күштілігі соншалықты, төмен хабардарлықпен қоса алғанда олар объективті шындықты алмастырулары мүмкін. Алайда, жергілікті тұрғындардың көбі күнделікті өмірде болсын, жұмыс бабымен болсын, осы кәсіпорындардың қызметімен тікелей қатынасады.
Көбінесе жергілікті қауым өз аймақтарында жұмыс істейтін шетелдік компаниялардың іс-әрекеттері жайлы бейхабар. Инвестициялық жобалар туралы білім көпшілікке қолжетімді мағлұматтан (мысалы, онлайн – медиа көздері мен әлеуметтік желілерден), компанияның өз ақпараттық саясатынан және жергілікті атқарушы органдарының түсіндіру жұмысынан құралады. Қытайлық жобаларға келсек, компаниялардың өздерінде де, мемлекеттік органдарда да, ҚХР-нан келген бизнеске онсыз да жағымсыз қарайтын қазақстандықтардың «көздеріне ілінбеу» нұсқамасының бар екені анық. Ақырында қоғамдастықтарда қытайлық жобалар жайлы – ҚХР-нан келген қызметкерлер санынан бастап, белгілі бір өндірістің жергілікті халық денсаулығына тиетін зияндылық деңгейіне дейін – толық мифология қалыптасып, орнығуы мүмкін.
Таңдалған үш кейстің бәрінде де елді мекендердің тұрғындары бірсыпыра мәселелер жиынтығымен кездеседі; мұның ішінде – қаржыландыру тапшылығы мен инфрақұрылымның жетілмегендігі, әлеуметтік қорғансыздық пен қоршаған ортаның жағдайының нашарлауы, жұмыссыздық пен «әлеуметтік лифтке» қол жеткізу мүмкіндігінің болмауы. Жергілікті өзін-өзі басқару тиімділігі төмен болған жағдайда, сонымен қатар, азаматтық қоғам институттарының әлсіздігі кезінде бұл мәселелер созылмалы сипатқа ие болады. Сондай-ақ, жергілікті қоғамдастықтардың өздігінен ұйымдасудағы қиыншылықтар мен құқықтық сауаттылықтың төмендігі нақты сауалдарды тұжырымдап, оларды құзыретті органдарға не өзге стейкхолдерларға жолдауға мүмкіндік бермейді. Осылайша, наразылық пен айтылып қалмаған әлеуметтік әділетсіздік сезімі жергілікті билікке ғана емес, өңірге келген инвестициялық компанияларға да бағытталып, ксенофобияға айнала алады.
Ильичевка мен Нұра сияқты ауылдарда, Жаңатас сияқты моноқалаларда жергілікті атқарушы органдарда әлеуметтік не өзге мәселелерді шешуге керекті өкілеттік, құзыреттілік, не саяси еріктің болмауы биліктің те, жергілікті тұрғындардың да шешімдерді «корпоративті әлеуметтік жауапкершілік» аясында инвесторға аудара салуларына әкеледі. Көбінесе компаниялар ымыраға келуге дайын, бірақ та қойылатын талаптардың реалистігі және инвестжоба басшылығының көзқарасымен сәйкес келуі екіталай. Жергілікті қоғам өкілдерінің зор үміттері тікелей шетелдік инвестициялардың қалай жұмыс жасайтынын білмеуден бастау алатыны мүмкін. Кейде өндіріске жақын орналасқан елді мекендердің тұрғындары инвестор «олардың» жері мен ресурстарын қолданғандықтан, нақты осы тұрғындардың өмірлерін жақсартуға «міндетті» деп сенеді.
Қытайлық инвестициялық жобалар болса, жергілікті қоғамдастықтарға енжар қарап, «тұтастай қорғанысқа» кетеді. Елді мекендерге жергілікті әкімшіліктер арқылы нақтылы қолдау көрсеткен жағдай да, компаниялар оны көпшілікке жарияламауды жөн көреді.
Синофобиялық дискурстың басты бөлігінің бірі, экологиялық аспектке келсек, өндірістердің экологияға деген әсері туралы толық және шынайы ақпараттың қолжетімді болмауы және жергілікті қоғамдастықтардың шешімдерді қабылдаудағы қатысуының аса шектеулілігі аймақтағы қытайлық қатынасқа деген көзқарасты ушықтырады. Осылайша, жергілікті тұрғындар мемлекеттік органдардың басты мақсаты – қытайлық компаниялардың экологиялық ықпалы жайлы ақпаратты жасыру деп сенеді. Нәтижесінде жергілікті және орталық органдардан қатаң экологиялық бақылауды талап ету қиындыққа соққан кезде, жергілікті тұрғындар үшін пайдакүнемдік мүддесі бар қытайлық инвестор ең басты антагонистқа айналады.
Мұндай демонизация қазақстандық қоғамда түп-тамыры терең синофобияның бір көрінісі екенін айта кету маңызды. Алайда, Қазақстанмен қоса, көптеген қоғамдардағы антиқытайлық көзқарас тарихи зердеге ғана емес, ҚХР-ның қазіргі саясатына да негізделетінін түсінген жөн. Мысалы, ШҰАР-дағы азшылық ұлттарды қудалау және оларға арналған лагерлер жүйесі немесе су мәселелерінде Қытаймен келісе алмаушылық қазақстандықтар үшін Қытайды жағымсыз, тіпті уытты көрші ретінде көрсетеді.
Сонымен, үш кейсті зерттеу нәтижесінде Қазақстандағы «Бір белбеу, бір жол» аясында жүзеге асырылатын инвестициялық жобалардың (оның ішінде биік деңгейдегі синофобияға байланысты) «орта факторлары» болып табылатын бірсыпыра мәселелерге тап болатыны анық. Бұл мәселелерді шешімдерді қабылдау үрдістерінің ашықтығы, жергілікті қоғамдастықтардың хабардарлық пен құқықтық сауаттылығын арттыру, оған қоса басқа да шетелдік инвестициялық компанияға мүлде жолданбайтын іс-шаралар арқылы шешу қажет.
Зерттеу жобасының тобы аналитикалық есепке жазылған рецензия мен құнды кеңестері үшін Руслан Изимовқа ерекше алғысын білдіреді. Сонымен қатар авторлар көптеген консультациялар мен қытайлық инвестициялық жобалардың экологиялық аспектілерін зерттеуге көмектескендері үшін Сергей Соляник, Сергей Куратов және Вадим Ниге ризашылық білдіреді.