2022 жылдың 2-ші және 11-ші қаңтары аралығында Қазақстандағы «Қайғылы қаңтар» немесе «Қанды қаңтар» деп аталатын Қаңтар оқиғасы орын алды. Оның салдарынан ресми дерек бойынша 238 адам қаза тауып, бірнеше мың адам түрлі дәрежеде жарақат алды, ал кәсіпкерлер айтарлықтай материалдық шығынға ұшырады.
Бір жыл бойы қоғамдық кеңістікте оқиғаның бейбіт митингілерден бастап, халықаралық лаңкестердің шабуылына дейінгі көптеген нұсқалары айтылды. Бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында бүкіл елде наразылық акциялары мен тәртіпсіздіктер мемлекеттік төңкеріс мақсатында арнайы ұйымдастырылды деген нұсқа белсенді түрде насихатталды. 2023 жылдың басында, тергеу нәтижелеріне сәйкес бұл ресми нұсқаға айналды. Бас прокуратура Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшылығын жаппай наразылық акциясын ұйымдастырушылары деп таныды.
Алайда, мемлекеттің тәуелсіз тергеу жүргізуден бас тартуы, осы оқиғаларды ұйымдастырды деген күдікке ілінгендерге қатысты қылмыстық істердің жабық форматта жүргізілуі, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қарапайым қазақстандықтардың өліміне қатысты бірқатар тергеуді тоқтатуы ресми нұсқаға қатысты қоғам тарапынан заңды сенімсідік тудырды. Адам құқықтарын сақтау ұйымдары да ресми тергеулердің нәтижелерін, атап айтқанда, «құзырлы тұлғалар тарапынан азаптау мен қатыгездік көрсету фактілері» бойынша сынға алды.
Осылайша, Қаңтар оқиғасынан кейін бір жыл өтсе де болған қайғылы жағдай, оның себептері және қандай да бір тараптардың қатысы бойынша белгісіздік сақталуда. Осындай жағдайда ел азаматтары бұл төтенше оқиғаны қалай қабылдайтынын, оқиға кезіндегі биліктің әрекетін қалай бағалайтынын, қайғылы салдарына кім кінәлі деп есептейтінін зерттеу маңызды.
Бұл зерттеу осы және басқа да сұрақтарға жауап беруге деген талпыныс нәтижесі. Жобаның негізгі идеясы – зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып, қоғамда Қаңтар оқиғасының алғышарттары мен салдарларына қатысты ғылыми және бейтарап талқылауды бастауға түрткі болу.
Жобаны Конрад Аденауэр атындағы қордың қаржылық қолдауымен PaperLab зерттеу орталығы мен MediaNet халықаралық журналистика орталығы жүзеге асырды.