2022 жыл ішінде жобаның бірнеше кезеңі жүзеге асырылды.
Кабинеттік зерттеу әлемдегі, Қытайдағы және Қазақстан Республикасындағы инвестицияның қазіргі тенденцияларын, Қытай мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты және екі елдің «жасыл» инвестицияға деген көзқарастарын, Қазақстан Республикасының экология, инвестиция, әлеуметтік корпоративтік жауапкершілік салаларға қатысты заңнамасын зерттеуді қамтыды.
Далалық зерттеу 2022 жылдың көктем-жаз айларында жүргізілді. Зерттеу тобы Қытайдың «Бір белдеу және жол» бастамасы аясындағы «55 инвестициялық жобаның» 3-іне және оның айналасындағы қауымдастықтарға барды:
- Жаңатас жел электр станциясы (Жаңатас қ., Жамбыл облысы);
- «Тайынша Май» май өңдеу зауыты (Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданы Амандық ауылдық округі Ильичевка ауылы);
- Боғұты «Жетісу Вольфрамы» вольфрам рудаларының кен орны (Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Сөгетін ауылы, Нұра ауылы).
Далалық зерттеу кезінде мемлекеттік органдардың, инвестициялық компаниялардың өкілдерімен, белсенділермен және зерттеушілермен сұхбат жүргізілді. Сондай-ақ, әр өңірде жергілікті қоғамдастық өкілдерімен 2 фокус-топтық пікірталас өткізілді.