Новости

Атом дауы: Қазақстандағы АЭС құрылысының қатері мен мүмкіндіктері

2023-10-13 19:16 Анонсы
18 қазан күні Paperlab зерттеу орталығы сіздерді «Атом дауы: Қазақстандағы АЭС құрылысының қатері мен мүмкіндіктері» атты талқылауға шақырады.

Қазақстанда атом электр станциясын салу тақырыбы қызу талқыға түсті. Үкімет елдегі электр энергиясы тапшылығын шешу үшін балама әрі арзан өндіріс тәсілдерін дамыту керегін айтып, станция құрылысының мұқтаждық екенін алға тартады. Алайда азаматтар, белсенділер және бірқатар сарапшылар деңгейінде ел экологиясына қатысты қорқыныш пен құрылыс және өндіріс барысында Қазақстанның станция қауіпсіздігін қамтамасыз ету әлеуетіне қатысты скептицизм байқалады.

Президент Тоқаев өзінің жыл сайынғы жолдауында АЭС мәселесін жалпыұлттық референдум шешеді деп мәлімдеген еді. Алайда бұл алаңдаушылықты азайта алмады. Құрылыс серіктесінің кім болатыны және оның қалай таңдалатыны әлі де түсініксіз. Оған қоса алдағы референдум нәтижесінің әділдігіне де сенім аз.

Paperlab алаңында біз Қазақстанда атом электр станциясын салу идеясының қатері мен мүмкіндіктерін, бұған елдегі инфрақұрылым мен ғылыми-техникалық әлеуеттің қаншалықты дайын екенін және оның экологиялық салдарын талқылаймыз.

Талқылау сұрақтары:
  • Қазақстанда атом энергетикасын дамыту қандай мүмкіндіктерге жол ашады? Бұл ретте қандай сын-қатер туындауы мүмкін?
  • Қазақстанның атом энергиясын басқару мен атом өндірісінде жұмыс істейтін маман даярлаудағы әлеуеті мен дайындығын қалай бағалауға болады?
  • Қазақстанда атом электр станциясын салу мен оны өндіріске қосудың ықтимал экологиялық сын-қатері қандай және оны қалай азайтуға болады?

Спикерлер:
  • Әсет Наурызбаев, энергетика маманы, KEGOC экс-президенті;
  • Светлана Могилюк, геоэколог, Қазақстан Экофорумының төрайымы;
  • Дәурен Әбен, халықаралық қауіпсіздік жөніндегі сарапшы, ҚР Президент жанындағы ҚСЗИ.

Талқылау модераторы – Серік Бейсембаев.

Уақыты мен орны:
18 қазан, сағат 17:00, Астана қ., Сарыарқа даңғылы, 8А, ParkInn қонақ үйі.

Офлайн қатысу үшін мына сілтеме бойынша тіркеліңіз.