Сарапшылық кездесу барысында «Орталық Азия елдеріндегі білім берудегі теңсіздіктің жаңа қырлары: мәселені анықтаудан саясатты өзгертуге дейін» зерттеуінің нәтижелері баяндалды. Атап айтқанда, сарапшылар сапалы білімге қол жеткізудегі теңсіздік Индексін есептеудің аралық нәтижелерін ұсынды.
Индекс Қазақстандағы мектептердің ең жоғары 10%-ы мен төменгі 10%-ы арасындағы мектеп жүктемесі, мектептің жай-күйі, оқу ортасы, кадрлармен қамтамасыз ету және инклюзия тұрғысынан алшақтықтың тереңдігін өлшеу үшін нақтыланған.
Талқылауға білім беру саласындағы сарапшылық және зерттеу қоғамдастықтарының, үкіметтік емес ұйымдардың және білім беру саясаты мәселелерімен айналысатын басқа да ұйымдардың өкілдері шақырылды.
Алматыдағы ЮНЕСКО кластерлік бюросының білім беру бағдарламасы бойынша Ұлттық маманы Мейргуль Алпысбаева сөз сөйледі.
Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова білім берудегі теңсіздік факторларын тек оқу үлгерімі тұрғысынан ғана емес, сонымен қатар білім беру жүйесінің бастапқы ресурстарымен де қарастыру мәселесінің өзектілігіне тоқталды. «Астана» халықаралық ғылыми кешенінің директорлар кеңесі төрағасының орынбасары, басқарушы директоры Серик Ирсалиев ғылыми қауымдастық үшін ашық деректер мен Ұлттық білім беру деректер базасына қолжетімділікті қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
Шақырылған сарапшылар жеке мектептер деңгейінде деректердің қолжетімділігін және қосымша зерттеу әдістерін қолдануды ескере отырып, Индексті жетілдіру және дамыту бойынша ұсыныстар берді. Отырыс барысында айтылған ескертулер мен ұсыныстар зерттеудің қорытынды аналитикалық материалдарында көрсетіледі.