Новости

Қазақстандағы ҮЕҰ туралы жаңа заң: қажеттілік пе, әлде шектеу ме?

2025-06-18 15:31 Анонсы
24 маусым күні Paperlab зерттеу орталығы «Қазақстандағы ҮЕҰ туралы жаңа заң: қажеттілік пе, әлде шектеу ме?» атты талқылауға шақырады.

Қазақстандық үкіметтік емес ұйымдар қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне әлдеқашан айналған. Өз қызметінің арқасында ҮЕҰ азаматтардың, әсіресе әлеуметтік тұрғыдан осал топтардың, өмір сүру сапасын арттыруға елеулі үлес қосып келеді. Қазақстанда 2025 жылғы мамыр айынан бері ҮЕҰ қызметін реттейтін жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр. Бастамашылардың пікірінше, құжат ҮЕҰ-дың мәртебесін, міндеттері мен жауапкершілігін нақтылап, олардың қызметінің ашықтығын арттыруға ықпал етеді. Дегенмен ҮЕҰ секторының өкілдері мен құқық қорғау ұйымдары ұсынылып отырған өзгерістерге алаңдаушылық білдіруде. Олар ҮЕҰ қызметін реттейтін қолданыстағы нормативтік базаға сүйеніп, жаңа заң азаматтық қоғамға қосымша кедергілер туғызып, азаматтық бастамалардың дамуын шектеуі мүмкін деп қауіптенеді.

Paperlab Talks бұл мәселе жөнінде ашық диалог алаңын ұсынады. Сараптамалық талқылау барлық мүдделі тараптарға өз ұстанымдары мен дәйектерін таныстырып, заң жобасының азаматтық қоғамның дамуына ықпалын бірлесе талдауға мүмкіндік береді. Іс-шараның мақсаты – барлық қатысушылардың мүдделерін ескеретін әрі азаматтық ұйымдардың жұмысына қолайлы жағдай қалыптастыратын оңтайлы шешімдер табу.

Талқылау сұрақтары:
  • Қазақстанға ҮЕҰ туралы жаңа заң жобасы қажет пе?
  • ҮЕҰ қызметін реттеуде ашықтық пен еркіндік арасындағы тепе-теңдікті сақтау үшін қандай өзгерістер енгізілуі тиіс?
  • Артық кедергілер тудырмай, ҮЕҰ-дың жауапкершілігін қалай қамтамасыз етуге болады?
  • Заң жобасы Қазақстан азаматтарының мүдделерін толық ескеруі үшін оны әзірлеу процесіне кім және қалай қатысуы керек?

Спикерлер:
  • Айгүл Қаптаева, заңгер, «Еуразия» қоры өкілдігінің сарапшысы;
  • Бану Нұрғазиева, «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» президенті;
  • Гүлбара Сұлтанова, Азаматтық қоғам істері комитетінің төрайымы.

Талқылау модераторы – Серік Бейсембаев.

Уақыты мен орны:
24 маусым, 17:00, Астана қ., OQY, Тұран даңғылы, 34а.

Қатысу үшін сілтеме арқылы тіркеліңіздер, орын саны шектеулі.