Қазақстандағы 2012 жылғы парламент сайлауы кезінде "Стратегия" зерттеу орталығында осындай экзитпол жүргізгенбіз. Ол үшін Молдоваға барып, көрген тәжірибені Қазақстанда қолдандық. Сөйтіп 180 сайлау учаскесін таңдап, ондағы дауыс берген сайлаушылардың таңдауын сұрадық. Ресми қорытынды мен экзитпол нәтижесі арасында алшақтық көп болды, бірақ біз өз нәтижемізге көбірек сендік. Өйткені сайлау барысында фальсификацияға жол берілді деп ойлаймын.
Азаттық: Бір сайлау учаскесінде қанша интервьюер болады?
Серік Бейсембаев: Екі адам тұрады. Сайлау учаскесіне тіркелген дауыс беруші санына қарай әрбір бесінші не онынша адамды тоқтатып, сұрақ қояды. Үш-төрт нәрсені: жасын, кімге дауыс бергенін, кімге дауыс беретіні туралы шешімді қашан қабылдағанын сұрайды.
Азаттық: Орталық сайлау комиссиясы 2019 жылғы президент сайлауы қарсаңында экзитпол жүргізуге екі-ақ компаниядан өтініш түсті деді. Қазақстанда сауалнаманың осы түрін жасауға қанша зерттеу орталығы қауқарлы?
Серік Бейсембаев: Осы уақытқа дейін экзитпол жүргізіп келген компаниялардың саны бес-алты шамасында болды. 2004 жылдан бері сайлау туралы зерттеулердің төңірегінде жұмыс істеп жүрмін. Былтыр экзитполды екі-ақ компания жүргізгені рас. Бұл енді біздің нарық үшін аз және экзитпол жүргізетін компаниялар жылдан жылға азайып барады.
Азаттық: Неге? Серік Бейсембаев: Саяси жүйенің бақылау функциясын ұлғайтуынан деп ойлаймын. 2004 жылдан бергі тенденцияны қарасақ, сайлауды бақылау жылдан жылға күшейіп, ақыр соңында сайлау толықтай қолдан басқарылатын процеске айналды. Экзитпол сол процестің бір бөлігі болып қалды. Сол себепті бізде оған да көптеген шектеу салынды.
2018 жылы "Сайлау туралы" заңға өзгеріс енгізіліп, бұдан былай қандай да бір сауалнама жүргізетін болсаңыз, Орталық сайлау комиссиясын
хабардар ету керек деген ереже қалыптасты. Бұл тура митингідегідей сияқты. "Рұқсат сұрау керек емес, хабардар етсеңіз жеткілікті" дейді, бірақ хабардар етпесеңіз, айыппұл салады. Оның үстіне сауалнама жүргізетін компанияға талаптар қойып тастаған. Мысалы, сауалнама жүрізетін компанияның бес жылдық тәжірибесі болуы шарт.